19:52, 31 Шілде 2015 | GMT +5
ШҚО-да ғарыш мониторингі екі дала өртін анықтады
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Аягөз маңында дала өрті ауыздықталды, деп хабарлады ТЖ департаментінен.

Еске салсақ, бүгін ғарыш мониторингінің деректері бойынша «Темекілі» учаскесінде Тарлаулы ауылдық округі маңындағы термо нүкте анықталған: 49 гектар алаңда дала шөбі өртке оранған.
Жергілікті атқарушы органдар мен 50 өрт сөндірушінің бірлескен күшімен тілсіз жау ауыздықталды.
Қазір олар «Ақболат» учаскесінде 15 гектар алаңды жалмаған өртті сөндіруге кірісті. Бұл да ғарыштық мониторинг арқылы анықталды. Өрт сөндіру алаңында 8 өрт сөндіруші мен аудандық әкімдік қызметкерлері жұмыс істеуде.
Өрт себептері анықталуда.
Бұған қоса, синоптиктердің мәліметінше, таяу күндері ШҚО аумағында аптап ыстық орын алып, термометр көрсеткіші 38-40 градусқа көтеріледі деп күтілуде.