11:22, 17 Қазан 2012 | GMT +5
ШҚО-да құл иеленуші шаруа ұсталды
ӨСКЕМЕН. 17 қазан. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның полицейлері «Стоп трафик» операциясы барысында Өскеменнің 29 жастағы тұрғынын өзінде күштеп ұстап келген Күршім ауданы Аманат ауылының 55 жастағы шаруасын ұстады.
Жігіт оның шаруа қожалығында жұмыс істеп келді. Қазіргі уақытта жас азаматтың тұрақты тұрғылықты жері жоқ.
ШҚО ІІД-нің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы Абай Бақтияровтың айтуынша, «Аманат» шаруа қожалығының иесіне қатысты ҚР ҚК-нің 128-бабының 1-бөлімімен (адам еңбегін заңсыз пайдалану) қылмыстық іс қозғалды. Аталған бап 100-ден 500-ге дейін АЕК түріндегі айыппұл төлеуді немесе екі жылға дейін түзеу жұмыстарына тартуды, немесе екі жылға дейін бас бостандықтан шектеуді, 6 айға дейін қамауға алуды, екі жылға дейін бас бостандықтан айыруды қарастырады.
«Стоп трафик» жедел-алдын алу іс-шарасы 19 қазанға дейін жалғасады.