ШҚО-да маскүнемдіктен емдейтін орталықтар қажет
Аймақтың бас полицейінің мәліметінше, өткен жылғы орын алған әрбір құқықбұзушылықтың алтыншысы алкогольді ішімдіктің кесірінен болған. Сонымен қатар, маскүнемдікке салынғандар қолымен жасалатын қылмыстар да жиі орын алыпты. Ал ішкілікке бой алдынғандарды арнайы емдеу мекемелеріне жіберуге орын жоқ болғандықтан көпшілігі қоғамдық қадағалауға алыныпты. Оларға сынақ мерзімі белгіленген. Бұл аралықта олар өз еркімен емделіп, тұрақты жұмысқа орналасып, учаскелік полицияға белгіленіп отыруы тиіс. «Бүгінде жүргізіліп жатқан шаралар нәтиже беріп жатыр. Жат әдетке шалдыққандардың 40 пайызы түзу жолға түсті,- дейді құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша құрылған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерсайын Нәбиев.
Айта кетерлігі, аталған мақсаттағы шараларға тәртіп сақшылары ғана емес, пәтер иелері кооперативі, әйелдер кеңесі мен ардагерлер ұйымдары да ат салысуда. Өткен жылы облыс бойынша қоғамдық кеңестің 264 отырысы өтіп, ішімдікке салынған әйелдер мен жасөспірімдер мәселелері талқыланған, тіиісті шешімдер қабылданған. «Ал облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құқықбұзушылықтың алдын алу жайлы өткен отырыста алкоголизмге шалдыққандарды емдеу орталықтарын Шемонайха, Риддер сынды халық саны көп елді мекендерде ашу мәселесін қозғады. Бұл бағыттағы мәселелерді жыл аяғына дейін шешу жайлы Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Вадим Овсянниковке тапсырмалар берілді» делінген хабарламада.