ШҚО-да жаңа туылған екі егіз қыз баланың өлімінің себептерін анықтауда
Нәрестелерді ата-анасы Заводинка ауылындағы жекеменшік тұрғын үйдің кіреберіс бөлмесінде түнде бір орындық бесік арбаға жатқызып кеткен.
Қазіргі кезде 3 айлық балалардың өлімі себептерін (салқын тию немесе тұншығу) анықтау бойынша сот-медициналық сараптама аяқталып келеді. Мамандар олардың қорытындылары бойынша процессуалдық шешімдер қабылдайды. Соның ішінде, ата-анасына қатысты абайсызда адам өлтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін, деп хабарлады облыстық ІІД-нен.
Қайтыс болған нәрестелердің 20 жастағы анасы мен 22 жастағы әкесінің айтуынша, «бір күн бұрын кешке олар балаларымен серуендеуге шыққан, қыздары бесік арбада жатқан.Үйге қайтып оралғанда, ұйықтап қалған қыздарын оятпау үшін оларды жекеменшік тұрғын үйдің кіреберіс бөлмесінде қалдырып, үстіне жылы орамал жапқан. Кешкі тамақ ішкен соң, ата-анасы ұйқыға бас қояды. Түнгі 2-де оянған анасы қыздарын тексерген кезде олардың денелері жансыз жатқан. «Мен полиция шақырттым», - деп сендіреді анасы.
Зырян аудандық полицейлерінің ақпаратынша, жас ата-ана егіздерін тіркеп, олардың құжатын алып та үлгермеген. Балаларына бейқам қарауды қарапайым өмірлік тәжірибенің болмауымен де түсіндіруге болатын шығар: қайтыс болған қыздардың анасы балалар үйінде тәрбиеленген.
Облыстық полиция департаменті отбасының нашар тұрғаны туралы әңгімелерді жоққа шығарып отыр. «Полицияға ешқашан жеткізілген жоқ, оларға қатысты шағымдар мен өтініштер де болған емес», - деп атап өтеді ШҚО ІІД-нен.