Шолақ мылтықпен адам атқандар темір тордың ар жағынан шықты - БҚО

Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағанындай, Қ. есімді азамат қос ауызды шолақ мылтық пен пышақ сатып алып, өзінің жалдап тұрып жатқан пәтерінде сақтаған. Оқиға болатын күні Қ-мен бірге сол пәтерде тұрып жатқан Т. өзінің жолдастары Н. және Е-мен бірге қыздармен көңіл көтермекші болып, жеңіл жүрісті танысына телефон шалып, қыздар қажет екенін айтып, екеуі кездесуге келіскен. Уәделескен жерге екі қыз Р. есімді жігіттің көлігімен жеткен. Сол жерде Т. келген көліктің жүргізушісі Р-мен сөзге келіп қалған. Т. келіспеушілікті одан әрі жалғастырмай еңбектері үшін қыздарға тұтас 10 мың теңгені беріп, ал қыздар оны көліктің ұсақ-түйек салатын қобдишасына салып, өздері пәтерге кіріп кеткен. Содан қызметтерін атқарып болған қыздар өздерін алып кетуін сұрап, Р-ға телефон шалған. Бұны естіп тұрған Т. сөзге келіп қалғанын пайдаланып, Н-ға Р-ны тонауды ұсынған. Досының сөзіне келісе кетіп, екеуі қасындағы Е-мен қыздарға айтпай, оларды сырттарынан құлыптап, шығып кеткен.
Көлігінде қыздарды күтіп отырған Р-дан, қыздардың көлікте қалдырып кеткен 10 мың теңгесін беруін талап еткен. Алайда ақшаны беруден бас тартып, көлігімен қозғалуға ыңғайланған оны бірі мойнынан қылғындырып, екіншісі көліктің рөлін жібермей ұстап тұрып, ақшаны салып алған.
Содан олар пәтерге қайтып келіп, қыздарды сыртқа шығарып жіберген. Қыздар таныстарына телефон шалып, бейтаныс жігіттер ақша тартып алғандығы туралы айтып, көмекке екі жігіт көліктерімен жетіп келген. Осы мезетте пәтерден сыртқа шыққан әлгі үшеуді көмекке келгендер тоқтатып сөйлеспекші болған. Істің оңайлықпен бітпейтінін түсінген олар бірін пәтердегі аспалы қара сөмкені алып келуге жұмсап, өздері Қ-ға телефон шалып, тез арада келуін сұраған. Үйден алып шыққан сөмкені Е-ге қалдырып, төртеуі көлікке отырып сөйлескен. Осы мезетте Қ. да келіп, Е-нің қолындағы өзінің сөмкесін көріп, алған. Көліктің ішінде сөзге келіспей соққыласа бастағандардан қашып шыққан Т. Қ-ның қолындағы сөмкені көріп, «ат» деген. Қ. көліктің маңдайша терезесі сыртынан Г-ның бас тұсынан атып, ізін суытып отырған.
Орын алған оқиға салдарынан Г. бас сүйегі мен көзінен ауыр жарақат алып, сол арада облыстық ауруханаға жеткізіліп, дер кезінде көрсетілген көмектің арқасында тірі қалған.
Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қ-ны ҚР ҚК-нің 251-бабы 1-бөлімі, 251-бабы 4-бөлімі, 24-бабы 3-бөлімі, 96-бабы 1-бөлімімен айыпты деп танып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режімдегі түзеу колониясында өтеуге тағайындады.
Ал, Т. мен Н. ҚР ҚК-нің 178-бабы 2-бөлімі «а, в, г» тармақтарымен айыпты деп танылып, 4 жыл мерзімге мүліктері тәркіленбей, бас бостандықтарынан айырылып, жазаларын жалпы режімдегі түзеу колониясында өтеуге тағайындалды.
Сонымен қатар жәбірленуші Г-нің азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылып, Қ-дан 1 111 511 теңге материалдық және моралдық шығын өндірілді.