13:25, 19 Сәуір 2013 | GMT +5
ШҰҒЫЛ: Атырау облысында «Болашақ» зауытының желілері газға толтырылды
АТЫРАУ. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Атырау облысында Қашаған теңіз кен орнынан мұнай жеткізіліп тұратын «Болашақ» зауыты іске қосылды.
Бұл туралы «Аджип ККО» компаниясының техникалық қауіпсіздік жөніндегі директоры Вальтер Рицци мәлім етті.
В.Риццидің айтуынша, мұнайды дайындау бойынша кешендік қондырғының технологиялық желілері зауытқа магистральдық газ құбырынан жеткізілген көгілдір отынмен толтырылды. Қазіргі уақытта онда теңіз кен орнынан келіп тұратын мұнай мен газды қабылдау алдындағы соңғы тексерістер жүргізілуде.
Еске салайық, Қашаған теңіз кен орнында мұнайды өндіре бастау ағымдағы жылғы маусым айының соңына жоспарланып отыр. Тәжірибелік-өндірістік іске қосу кезеңінде онда тәулігіне 75 мың баррель мұнай өндіру көзделеді. Алдағы уақытта теңіз мұнайының өндірісі тәулігіне 1,5 млн. баррельге жетуі мүмкін.