ШҰҒЫЛ: Атырауда Бергей Рысқалиевтің күйеу баласы мен бұрынғы бірінші орынбасарына қылмыстық іс қозғалды

АТЫРАУ. 23 қазан. ҚазАқпарат - Атырау облысының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Рүстем Әлбақасов пен Болат Дәукеновке қатысты қылмыстық іс қозғады.
None
None

Аймақтың бұрынғы әкімі Бергей  Рысқалиевке күйеу бала болып келетін «Kazcaspian industrial servise» ЖШС директоры Рүстем Әлбақасов, сондай-ақ Атырау қаласы әкімдігінің бірқатар лауазымды тұлғалары 343 млн. теңгені жымқырған деп айыпталуда. Бұл қаражаттар облыс бюджетінен мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін сатып алуға бөлінген болатын. 

Облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Болат Дәукенов мешіт құрылысына кәсіпкерлерден қайырымдылық қаржыларын жинау үшін құрылған «Бизнес-Көмек» қорынан ақша қаражаттарын ұрлағаны үшін айыпталуда. Қордан 2009-2011 жылдары кәсіпкерлерден түскен 202 млн. теңге ұрланған.

Бұдан бұрын Атырау облысы экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлықққа қарсы күрес департаменті хабарлағандай, Рүстем Әлбақасовқа халықаралық іздеу жарияланды. Құқық қорғау органдары қуаттамаған, сондай-ақ жоққа да шығармаған ақпарат бойынша бүгінгі таңда Р.Әлбақасов Ұлыбританияда жүр. 

Бұдан бұрын аймақтың бұрынғы әкімінің тағы бір туысы - оның туған інісі Аманжан Рысқалиға халықаралық іздеу жарияланған болатын. Бергей Рысқалиевпен бірге ол да Лондонда жүр деп хабарланды.

Болат Дәукенов тұтқындалды және ол тергеу  абақтысына қамалды. Жақында ол Астана қаласының тергеу абақтысына ауыстырылды.

Қаржы полициясының ақпаратына қарағанда, бүгінгі күні Атырау облысы әкімдігі мен мердігерлік ұйымдардың лауазымды тұлғаларының сыбайлас жемқорлық жасау фактілері бойынша қозғалған барлығы 28 қылмыстық іс тергелуде. Мемлекетке келтірілген жалпы зиян 30 млрд. теңгеден асты.

Соңғы жаңалықтар