ШҰҒЫЛ: Болат Әбілев пен Гүлжан Ерғалиева декларацияланбаған табыстар мен мүліктері үшін Мәжіліс депутаттығына үміткерлер тізімінен алып тасталды
Отырыс барысында аталмыш қаулының мақсат-міндеттеріне тоқталған Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтың айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 84-інші бабы, 6-ншы тармағының 5-інші тармақшасына сәйкес, партиялық тізімге енгізілген адамдардың және олардың жұбайларының декларацияда көрсеткен табысы мен мүлкі туралы мәліметтердің дұрыс еместігі анықталуына байланысты, Орталық сайлау комиссиясы «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының партиялық тізімінен Владимир Бобровты алып тастау қажет деген байламға келді.
Сонымен қатар, аталмыш қаулыға сәйкес, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының партиялық тізімінен Болат Әбілев пен Гүлжан Ерғалиева алынып тасталатын болады. Бұған қоса, «Ауыл» социал-демократиялық партиясынан Қуаныш Әбуов, «Әділет» демократиялық партиясының тізімінен Махаббат Жұтаев, Қазақстанның патриоттар партиясынан Дәурен Қайып алынып тасталмақ.