16:24, 02 Шілде 2013 | GMT +5
ШҰҒЫЛ: Оралда балабақшада ағаш балдырғандардың үстіне құлады
ОРАЛ. 2 шілде. ҚазАқпарат - 1 шілде күні сағат 16.40 шамасында күшті желдің салдарынан Оралдағы №24 «Солнышко» балабақшада ескі ағаш құлап, үш бірдей бүлдіршінге зақым келтірді.
Балабақша директоры Лариса Лауктың айтуынша, тәрбиеші сыртқа алып шыққан ер балалардан оқшаулау төрт-бестердегі үш қыз бала ойын алаңында ойнап отырғанда, үстеріне ағаш құлаған. Қазір аяғы сынған қыз бала облыстық балалар ауруханасында емделуде. Басынан жарақат алған екеуі үйлерінде. Абырой болғанда, балалар аман қалды.
Жол пайдалану кәсіпорны оқиға орын алғаннан кейін ғана ағашты кескен.
«Мұндай ағаштар әлі баршылық. Ғимаратымыз да ескі. Жел бүгін де басылған жоқ. Сондықтан балаларды сыртқа шығармай отырмыз. Біздің балабақшада 170 бүлдіршін тәрбиеленеді», деді Л.Лаук.