16:04, 06 Қаңтар 2012 | GMT +5
ШҰҒЫЛ: ОСК Жаңаөзенде ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауын өткізбеу туралы шешім қабылдады
АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Орталық сайлау комиссиясы 2012 жылғы 15 қаңтарда Жаңаөзен қаласында ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауын өткізбеу туралы шешім қабылдады.
«Бұрын біз Жаңаөзен қаласында сайлаудың 15 қаңтарда өтетінін мәлімдегенбіз. Өйткені Президенттің Жарлығымен төтенше жағдай 2012 жылдың 5 қаңтарына дейін енгізілген болатын. Бұл бізге сайлауды белгіленген мерзімде ұйымдастырып, өткізуге мүмкіндік беретін. Алайда, төтенше жаңғдайдың мерзімі ұзартылды», - деді ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.
«Осыған орай біз Конституциялық Кеңеске төтенше жағдай кезінде сайлау заңнамасын қолданудың ерекшеліктері бойынша түсініктеме беру жөнінде хат жолдадық. Конституциялық Кеңес берген түсініктемелер негізінде ОСК Жаңаөзенде Парламент Мәжілісі депуттарының сайлауын өткізбеу және мәслихаттар депуттарының сайлауын басқа уақытта өткізу туралы шешім қабылдады» - деді ол.