ШҰҒЫЛ: С.Сәпиев жартылай финалға шықты

Алғашқы раундта-ақ Серік басымдық танытып, 5:2 есебімен алға шыққан болатын. Дегенмен екінші кезеңде бар күшін жинаған венесуэлалық тегеуірінді қарсылық танытып, тіпті біздің спортшыны нокдаунға да жібере жаздады, есеп - 5:5. Бірақ шешуші кезеңде барын салған Серік 9:2 есебімен аяқтап, жеңіске жетті. Қорытынды есеп - 20:9.
Айта кетейік, 3 тамыз күні біздің боксшы 1/8 финалда жапондық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, ширек финалға шыққан болатын. Ол үш кезеңде де өзінің басымдығын танытып, тіпті екінші раундта Ясухиро Сузукиді нокдаунға да жіберген еді. Дегенмен, жапон спортшысы өзінің тәжірибесі арқасында жекпе-жекті соңына дейін жеткізе алды. Шаршы алаңдағы кездесу 25:11 есебімен С.Сәпиевтің пайдасына шешілді.
Серік Сәпиев Қарағанды облысының тумасы. 11 жыл бойы боксты жанына серік еткен 28 жастағы Серік екі мәрте Әлем чемпионы (2005, 2007 жылы), Азия чемпионы (2007, 2009 жылы), Азия ойындарының чемпионы (2010 жылы) атанған. Жолдаманы өткен жылы Бакудегі Әлем чемпионатында екінші орынды иеленгені үшін алды.