ШҰҒЫЛ: Сотталушының өліміне әкеп соққан оқиғада Жезқазған колониясының қызметкерлері қызметтік бабын асыра пайдаланды деп айыпталуда
Прокуратураның берген мәліметтерінше, төтенше оқиға 16 қазанда АК 159/20 түзеу мекемесінде орын алған.
«Бізге түзеу мекемесінде 23 жастағы Орзо Имроншоев есімді сотталушының мәйіті табылғаны жайлы ақпарат келіп түсті. Оқиға орнына жеткенде марқұмның денесінде көптеген жарақаттардың бар екендігі анықталды. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, сотталушы аузын бөгде затпен жабылуы нәтижесінде тұншығып өлген», - деді М. Ақұлов.
Қала прокуроры мәлім еткендей, сотталушының өліміне әкеп соққан факті бойынша ҚР ҚК-нің 308 бабы, 4 бөлімі, «а» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Күдіктілер анықталды. Олар келісім бойынша жұмыс істеуге келген екі күзетші мен мекеменің екі қызметкері. Бұл істі тергеумен арнайы прокурорлар басқармасы айналысуда. Қылмыс ауыр. Менің ойымша, көп ұзамай күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылып, олар қамауға алынады», - деп атап өтті М. Ақұлов.
ҚР ҚК-не сәйкес, бұл қылмыс үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.