Швейцария Президенті Д.Буркхальтер: Біз үшін Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көпір рөлін атқарады

«Мен бұл сапарымды Швейцария Конфедерациясының Президенті ретінде ғана емес, сонымен бірге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде де аяқтаймын. Ең алдымен Қазақстанның біздің көз алдымызда Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көпір болып отырғандығын ерекше атап өткім келеді. Бұл көпір қазіргі жағдайда барынша маңызды», - деді мәртебелі мейман.
Д.Буркхальтердің атап өтуінше, ҚР Президентімен келіссөздер барысында екіжақты қарым-қатынасты одан ары дамыту, сонымен қатар халықаралық саясаттағы, оның ішіндегі Украинадағы ахуал кеңінен талқыға түскен.
«Сауда-саттық саласында да Швейцария Қазақстанның маңызды серіктесі болып қала береді. Біз бұл салаға барынша көңіл бөлудеміз. Қазіргі уақытта біздер ынтымақтастықты жандандыра түсуге тиісті салаларды іздестірудеміз», деп түйіндеді сөзін Швейцария Президенті.