Швейцария Президенті Н.Назарбаевтың жаңа экономикалық саясатын жоғары бағалады

Мәртебелі мейманды қарсы алған Қ.Тоқаев оның сапарының өнімділігін атап өтті және біздің еліміздің Мемлекет басшысымен келіссөздерді табысты жүргізуімен Швейцария Президентін құттықтады.
Сенат міндеттерімен, саяси және экономикалық реформаларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етудегі рөлімен жүздесушіні таныстыра келіп, Қ.Тоқаев Швейцария Президентін «Нұрлы жол» Жолдауы туралы хабардар етті және «жаһандық әлем тәртібінің өзгеруі аясында және Ресей мен Батыстың санкциялармен қарсы тұрушылығын ескере келгендегі күрделі халықаралық жағдайда бағдарламалық құжат стратегиялық маңызға ие», деп атап өтті. Д.Буркхальтер Президент Н.Назарбаевтың жаңа экономикалық саясатын жоғары бағалады. «Инфрақұрылым құрылысына қаржы жіберу туралы дана шешім қабылданды, швейцариялық компаниялар Қазақстан экономикасына инвестиция әкелуге мүдделі. Біздің ынтымақтастығымыз нығая түседі», - деді Швейцария Президенті. Осы күнгі халықаралық мәселелерді талқылай келіп, ЕҚЫҰ ПА-дағы қазақстандық делегацияның жетекшісі Қ.Тоқаев ЕҚЫҰ тарихындағы ең қиын кезеңдегі Ұйымға швейцариялық төрағалығына: «Қазіргі кездегі төрағалық етудегі жемісті жұмыстардың арқасында ЕҚЫҰ украин шиеленісін еңсеруде өзінің өзектілігі мен пәрменділігін көрсетті», - деп жоғары баға берді. Қ.Тоқаев Украина және оның төңірегіндегі шиеленіс жағдайларын реттеуге бағытталған Президент Н.Назарбаевтың күш-жігерін атап өтті. Д.Буркхальтер Қ.Тоқаевқа шиеленісті шешу жөніндегі үшжақты байланыс тобының аясында жалғасып жатқан жұмыстар туралы хабардар етіп, Минск шешімдерін іске асыруға және Украинадағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған шешімдер әзірлеу қажеттігі туралы пікірін айтты. «ЕҚЫҰ-ның барлық мүшелері осы мәселеге тартылуы тиіс», - деді ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы. Сенат Төрағасы мәртебелі мейманға ЕҚЫҰ-ның тиімділікті нығайту жөніндегі жұмыстарын үдетуге өз үлесін қосуға Қазақстанның әзір екенін айтты.