Швейцария Қазақстан экономикасындағы жетекші инвестордың бірі
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астанада вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесінің V отырысын ашты.
Ол Швейцария Қазақстан экономикасындағы жетекші инвестордың бірі болып қала беретінін атап өтті. Швейцариялық компаниялар энергетика, машина жасау, тамақ және фармацевтика өнеркәсібінде, бірқатар технологиялық салада жұмыс істейді.

— 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен $1,1 млрд болды. Қазақстан машина жасау, фармацевтика, медицина және биотехнология, цифрландыру, көлік-логистикалық инфрақұрылым мен жаңартылатын энергия көздері салаларында швейцариялық бизнестің қатысуын арттыруға ниетті, — делінген министрлік хабарламасында.

Вице-премьер Қазақстанның инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға дайын екенін атап өтті.
— Екі ел ынтымақтастығындағы маңызды жобаның бірі — Астанадағы «Штадлер Қазақстан» компаниясының базасында жолаушылар вагоны өндірісін локализациялау. Бүгінде 557 жоғары технологиялық вагон жеткізуге келісімшарт жасалды. Оның алғашқы тобы жыл соңына дейін жеткізіледі, — делінген хабарламада.
Серік Жұманғарин Қазақстан Швейцарияның, соның ішінде Лугано қаласының, цифрлық валютаны дамытудағы және блокчейн технологиясын қолданудағы тәжірибесіне қызығушылық танытатынын бөлек атап өтті.
— Қазақстан — бүгінде өнеркәсіптік кластер қалыптастыруға дайын алаң. Біз консорциумдар құруға, технологиялық кооперацияны дамытуға дайынбыз, — деді вице-премьер.

Отырыс соңында қатысушылар ынтымақтастықты дамытуға және өзара іс-қимылдың әртүрлі саласында екіжақты сауда-экономикалық қатынасты нығайтуға бағытталған бірқатар құжат пен келісімге қол қойды.
Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесі — екі елдің іскер топтары арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін 2012 жылы құрылған үйлестіру және консультациялық орган.
ҚШІК-нің негізгі міндеттері:
сауда-инвестициялық өзара іс-қимылды нығайту;
Қазақстан мен Швейцария бизнесі арасындағы тікелей байланыс пен ақпарат алмасуды қолдау;
сауда-экономикалық ынтымақтастықтағы кедергілерді жою;
бизнес жүргізу жағдайын жақсарту бойынша ұсынымдар дайындау.
Ынтымақтастықтағы басым бағыттар: энергетика, машина жасау, КТО және кадрлар даярлау, өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды басқару, фармацевтика, теміржол көлігі.
Айта кетелік