08:18, 24 Тамыз 2010 | GMT +5
Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің командасы мемлекеттік тілден облыстық конкурста жеңіске жетті
ӨСКЕМЕН. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары аймақта іс қағаздарын мемлекеттік тілде бәрінен де үздік жүргізетін болып шықты. Мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің арасында қазақ тілі бойынша өткен облыстық конкурстың қазылар алқасы осындай шешімге келді, деп хабарлады ведомстводан.

Төтенше жағдайлар департаментінің командасы өз қарсыластарынан оқ бойы озып және ең көп ұпай жинап, конкурстың бас жүлдесін қанжығалады.
Конкурс Тілдерді қолдану және дамытудың 2010-2011 жылдарға арналған аймақтық мемлекеттік бағдарламасының аясында өтіп, оған 10 адам команда қатысты. Байқаудың барлық бес тапсырмасын жылдам және сауатты орындаған Төтенше жағдайлар департаментінің командасы қазылар алқасының шешімімен бас жүлдегер атанды.