13:12, 31 Наурыз 2010 | GMT +5
Шығыс Қазақстан облысында Қалбатаудан Көкпектіге дейін жол ашылды - Көлік және коммуникация министрлігі
АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында автомобиль жолдарын қардан тазарту және су тасқыны салдарларын жою жұмыстарына 122 техника жұмылдырылып отыр.
Осының нәтижесінде кеше жабық болған Қалбатау - Көкпекті учаскесінде бүгін жол ашылды. Бірақ, ұйытқыма жел мен боранның салдарынан Өскемен - Северное учаскесі бойынша жолға шығуға тыйым салынып отыр.
Қазақстанның батыс аймақтарындағы нөсер жаңбырлар Ақтөбе облысындағы көлік қатынасын қиындатуда. Соның ішінде, Қандыағаш - Ембі - Шалқар - Ырғыз автомобиль жолдарының 120-257 шақырымдарында қиыршық тас жол учаскесінде лайлы шалшық пайда болды. Жол жүрудің қиындауына байланысты аталған учаскеде автокөліктің барлық түрлеріне жол қозғалысы шектелді. Қазіргі уақытта учаскеде 3 техника жұмыс жасауда. Жол қозғалысын ағымдағы аптаның соңына дейін ашу жоспарланған, әзірге жол қатынасы Ақтөбе - Қарабұтақ - Шалқар бағыты арқылы жүргізіледі.