11:19, 27 Сәуір 2013 | GMT +5
Шығыс Қазақстанда су тасқындары күтілуде
АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - Жақын күндері ауа райының күрт жылынуына, қардың жылдам еруіне және жауын-шашынға байланысты ШҚО өзендерінің басым бөлігінде су деңгейінің көтерілуі күтілуде.

Өзендер арналарынан тасып, су басу жағдайлары орын алуы ықтимал. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК-дан хабарлады.
Атап айтқанда, Күршім, Бұқтырма, Оба, Үлбі, Белая және басқа өзендерде судың көлемі қауіпті деңгейден асып кетуі мүмкін. Мамандардың айтуларынша, Шүлбі су қоймасынан келетін ағынның есебінен Павлодар облысының аумағында орналасқан Ертіс өзенінде де судың көлемі арта түсуде.
«Еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы аласа таулы өзендерде жаңбырларға байланысты судың деңгейі еселеніп, жекелеген өзендерде тасқын орын алуы ықтимал. Жайық өзенінде, СҚО аумағындағы Есіл өзенінде және Еділ өзенінің сағасында көктемгі су тасқынының біртіндеп дамуы жалғасады», - деп атап өтілген хабарламады.