Шығыс Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккен барлық елді мекендерде тұрғын үйлердің құрылысы басталды - облыс әкімі

АСТАНА. Мамырдың 11-і. ҚазАқпарат /Серік Сәбеков/ - Құрылыс жұмыстарынан басқа мемлекеттің халыққа су тасқынына қатысты берген уәделерінің барлығы орындалды. Бұл жөнінде ҚР Үкіметінің мамырдың 11-і, сейсенбі күні селекторлық форматта өткен отырысының барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәлім етті.
None
None

«Бұл әр отбасының мүшесі үшін 5 мың теңге есебінен материалдық көмек, азық-түлікпен, киім-кешекпен, техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, мал шығынының орнын толтыру үшін бөлінген несиеге қатысты», - деді әкім.

Б.Сапарбаевтың айтуынша, Үкіметтің құрылыс жұмыстарына бөлген қаржысы алынып, мамырдың 9-ы күні су тасқынынан зардап шеккен барлық елді мекендерде құрылыс жұмыстары басталды.

«Әлеуметтік нысандардың құрылысына келсек, бұл жұмыстар да басталуда. Барлық бас және қосалқы мердігерлер анықталды, біз уәде бергеніміздей, әрі кетсе қазан-қараша айларында барлық құрылыс нысандары аяқталып, пайдалануға тапсырылады», - деді облыс басшысы.

Б.Сапарбаев атап көрсеткендей, жалпы ауа райы жағдайы тұрақтанып, барлық жерде, әсіресе су қоймаларында кезекшіліктер ұйымдастырылған.

«Барлық мәселелер бақылауға алынған, қазіргі кезде елеулі қауіп-қатер жоқ. Дегенмен барлығы ауа райына байланысты, қазір біздің облысымыздың ауа райы жайлы. Әрі қарай да осылай болса, екі, одан әрі кетсе үш аптаның ішінде су тасқыны аяқталады. Біз көктемгі далалық жұмыстарға кірісіп, 1 миллион 200 мың гектар алқапқа егіс салуымыз қажет», - деп қорытты сөзін ШҚО әкімі.

Соңғы жаңалықтар