12:31, 30 Мамыр 2009 | GMT +5
«Шығысмашзауыты» күрделі қиыншылықты бастан кешіруде - Өнеркәсіпшілер форумы
ӨСКЕМЕН. Мамырдың 30-ы. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - «Біз өткен жылдың қыркүйек айында, баға құлдырай бастаған кезде әлемдік экономикалық дағдарыстың әсерін қатты сезінген едік,
бірақ үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларының арқасында жағдай біртіндеп реттеле бастады. Дегенмен барлық мәселенің түйіні шешілді деуге әлі ертерек», - деді Өскеменде өтіп жатқан Өнеркәсіпшілер форумында «Шығыс Қазақстан машина жасау зауыты» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Асқар Айғазиев. Естеріңізге сала кетейік, форум басталардың алдында оған қатысушылар зауытта болып, ондағы жағдаймен танысқан болатын. Вице-премьер Серік Ахметов атап көрсеткендей, «біздің барлығымыз зауыттарыңызды көрдік - ол ең заманауи өндіріс, ал толық жаңартылған өндіріс іске қосылғаннан кейін оның экспорттық әлеуеті еселене түспек». Айта кету керек, зауыт екі үлкен инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Бірақ қазір «Шығыс Қазақстан машина жасау зауыты» үлкен қиыншылықты бастан кешіруде - өндіріліп жатқан тауар өнімдерінің, оның ішінде негізгі өнімдердің де көлемі құлдырады, осы жайт ең алдымен жалақы төлеуге әсер етті, бүгінде зауыттың жұмысшыларға берешегі - 75 миллион теңге. Сондықтан да, өндірісті жаңарту мәселесі де кідіріп отыр. Форум қарсаңында облыстық әкімдікте кәсіподақтың, жергілікті биліктің, зауыт әкімшілігі мен прокуратура өкілдерінің кездесуі өтіп, онда жұмысшылардың жалақылары бойынша берешекті өтеу мәселесі сөз болған еді. Онда қарыздарды 6 айдың ішінде өтеу туралы шешім қабылданды. Сол жолы «Шығысмашзауыт» пен «Қазақстан теміржолы» компаниясының арасында 4,9 миллиард теңгеге келісімшарт жасалды, бұл шарт зауытқа өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді.