Шымкент әкімдігінде қала тұрғындарына арналған ресепшн қызметі іске қосылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласы әкімдігінде ресепшн қызметі іске қосылды.
None
None

Әкімдікке келген кез келген қала тұрғыны ресепшн қызметкерінен қажетті ақпаратын, ішке кіруге рұқсат қағазын алып, керек маманымен телефон арқылы байланыса алады. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында қала әкімі аппаратының жетекшісі Рашид Аюпов мәлімдеді.

«Құрметті қала тұрғындары! Әкімдікке қош келдіңіздер!». Енді түрлі мәселелермен келген азаматтарды ресепшнде отырған қыз осылай қарсы алып, оларға бағыт-бағдар беріп, жол сілтейді және келген маманына рұқсат қағазын беріп, әкімдікке кіргізеді. Айта кетейік, қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасымен жүзеге асқан бұл қызмет түрі өзге қалаларда жоқ екен. Келушілерге ыңғайлы болу үшін ғимараттың кіре берісіне заманауи жұмсақ жихаз қойылған. Алдағы уақытта теледидар да ілінетін болады. Осыған дейін әртүрлі мәселелермен келетін тұрғындарды құқық қорғау қызметкерлері қарсы алып, анықтама қызметін қоса атқарушы еді. Рашид Аюповтың айтуынша, енді полиция қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті ғана атқарады. Сонымен қатар, әкімдік бастамасымен жұмыс істей бастаған watsapp мессенджерінің бір айда атқарған жұмысы туралы есеп берілді. Қала әкімдігінің бас инспекторы Мақсат Қадырбековтың айтуынша, 7 қазаннан бері 8-777-885-85-13 және 8-777-885-85-02 телефон нөмірлеріне қаланың тазалығы мен қылмыстық ахуалына байланысты 688 хабарлама келіп түскен. Оның 503-і шешімін тапса, 185 хабарлама инспекторлар тарапынан бақылауға алынған. Баспасөз мәслихатында журналистерге қалалық әкімдіктің жаңарған ресми сайты таныстырылды. Онда «Егер мен әкім болсам», «Трибуна», «Таза қала» деген айдарлар көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр екен. Сайтты таныстырған Р.Аюпов қаладағы мерекелік іс-шараларды тікелей эфирде көруге мүмкіндік бар екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар
Референдум