Шымкент әуежайы өз ардагерлеріне құрмет көрсетті
«Олар - Шымкент әуежайының ардақты өкілдері. Олар Ұлы Отан соғысында шайқасқан, соғыстан кейінгі аштық пен жоқтыққа мойымаған азаматтар. Ардагерлер Шымкент авиациясының дамуына да мол үлес қосқан», - дейді Шымкент әуежайы еншілес компаниясы болып табылатын «Оңтүстік» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамының өкілі Әлия Еңсебаева.
Әуежай қызметкерлері өз ұстаздарын жылы сөзбен еске алды, оларға арнап өлеңдер оқылды. Ал ардагерлер өз кезектерінде қамқорлықтары үшін рахметтерін жеткізді. «Бізге қандай қамқорлық керек дейсіңдер! Анда-санда қоңырау шалып, денсаулығымызды сұраса, әңгімеге тартса, медициналық көмек көрсетілсе, сол қамқорлық», - дейді Павел Степанович Тыщенко.
«Оңтүстік» ӘКК ұжымы авиатор ардагерлерін бағалы сыйлықтармен қуантты. Оларға және кезінде компанияға қарасты мекемелерде еңбек еткен соғыс ардагерлерінің бәріне де теледидарлар, жерсерік антенналары сатып алынды, «Ақсу-Жабағылы», «Сарыағаш» шипажайларына демалуға жолдамалар берілді.