Шымкент фосфор зауытындағы жаңа леп

ШЫМКЕНТ. Тамыздың 13-і. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Бұрынғы кеңестік өнеркәсіп алпауыты - Шымкент фосфор зауытының аумағында Индустриялық аумақ құрылуда.
None
None

Қазір онда аумақты тазалау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл жұмыспен «Zolfo Kazahstan» ЖШС қазақстан-ағылшын компаниясы айналысуда. «132 гектар аумақтың 44 гектары тазаланып бітті. Біз мамыр айының ортасынан бері тыным таппай жұмыс істеп жатырмыз. Жұмысқа 60-тан астам арнаулы техника жұмылдырылған. Осы уақытқа дейін зауыт аумағынан 600 мың тоннадан астам құрылыс қоқыстары шығарылды», - дейді «Zolfo Kazahstan» серіктестігінің бас директоры Баходур Исатбай.

Аталмыш серіктестіктің өнеркәсіптік аумақтарды қалпына келтіруде 15 жылдық тәжірибесі бар. Б.Исатбай мырзаның айтуынша, фосфор зауытының аумағындағы жұмыстар барысында көпқабатты монолит құрылыстар - зауыттың бұрынғы пештері қиыншылық туғызып отырған көрінеді. «Оларды құлату үшін бірнеше рет қопаруға мәжбүрміз. Қазіргі таңда біз осындай 4 ғимаратты сүріп біттік», дейді Б. Исатбай.

Және осы жерде құрылыс қалдықтарын жол құрылысына арналған шағыл тасқа айналдыратын қуатты уатқыш орнатылуда. Бұл жобаның мақсаты - инвесторлар үшін тартымды аумақ құру. «Бұл әкімдіктің тамаша идеясы. Біздің кәсіпкерлер осы жерде жаңа кәсіпорындар салудың тиімділігі зор екенін түсініп отыр. Себебі барлық инфрақұрылым сақталып қалып отыр», - деп атап көрсетті Б. Исатбай.

Қараусыз қалған аумақты тазарту жәрне сол жерде Индустриялық аумақ құру жұмыстары «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша қаржыландырылып отыр.

Оңтүстік Қазақстан облысының өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының бастығы Нұржан Әлтаев, Индустриялық аумақта жаңа кәсіпорындар құрғысы келетін кәсіпкерлерден әкімдікке ондаған өтініштер түсіп жатқанын айтып отыр. Алғашқы нысандардың құрылысы қазан айында басталады.

Соңғы жаңалықтар