Шымкентте атыс кезінде зардап шеккен 2 азаматтың жарақаты жеңіл

Бұл жайында Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының хирургы Талғат Тәуенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2017 жылдың 9 наурызы күні кешкісін 1995 жылы туған азамат -жамбасынан, 1999 жылы туған жігіт белінің арқа тұсынан жараланып, жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Тиісті медициналық көмек көрсету барысында олардың жеңіл жарақат алғандары анықталды. 18 жастағы азаматты жағдайын бақылауда ұстау үшін палатаға жатқызбақ болғанымызбен, ол дәрігерлік көмектен бас тартты. Кейін екеуін де полиция қызметкерлері алып кетті. Таңертеңге дейін ауруханаға қайтып келмеді. Біз өз тарапымыздан жарақат алғандардың диагноздарын мекен жайлары бойынша емханаларына жолдаймыз. Тиісті медициналық көмек оларға енді емханалар арқылы беріледі», - дейді Талғат Тәуенов.
Полицейлер оқиғаға қатысты барлық тұлғаларды анықтады. Күдіктілер саны - төртеу. Бүгін таңертең көршілес Жамбыл облысының Қордай ауданында күдіктілердің бірі қолға түсті. Ол 1991 жылы туған Шымкент қаласының тұрғыны, жұмыссыз, бұрын ұрлық үшін істі болған. Кінәсін толығымен мойындап отыр. Полицейлер қалғандарын ұстау бойынша жұмыстар жүргізуде.
Айта кетейік, кеше Шымкент іргесінде орналасқан Ворошиловка елді мекеніндегі мешіттің жанында түс ауа атыс болып , салдарынан 14 жастағы жеткіншек ажал құшқан болатын. Оның көкірек тұсына бірнеше рет оқ тиген. Облыстық ішкі істер департаменті 14 жастағы жасөспірімнің қазасына екі адамды күдікті ретінде қарастыруда. Еңбекші аудандық ПБ тарапынан құрылған жедел-тергеу тобының қызметкерлері атыс өзара келіспеушілік салдарынан орын алғанын анықтады.