Шымкентте «Болашақ» бағдарламасына арналған түсіндіру жұмыстары өтті

Семинарға әкімдік қызметкерлері, ЖОО түлектері, ірі өңірлік компаниялардың инженерлік-техникалық қызметкерлері қатысты. Іс-шараның мақсаты «Болашақ» бағдарламасының барысымен өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып табылады.
«Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына қатысуға қолжетімділікті кеңейту мақсатында электронды мемлекеттік қызмет енгізілген. Қазақстан азаматтары конкурсқа қатысу үшін құжаттарын Қазақстанның кез-келген жерінен электронды үкімет порталы арқылы тапсыра алады. Сонымен қатар кепіл мүлкіне қойылатын талаптар алынып тасталып, кепілгерлік өлшемдері нақты бекітілген. Бұл шаралар ауыл тұрғындары үшін қолжетімділікті айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. Өңірлерден үміткерлердің қатысуы 2011 жылы 39 пайызға және 2012 жылы 49 пайызға өскен.
Тоқтала кететін жайт, ағымдағы жылы «Болашақ» бағдарламасы мерейтойын атап өтпек. 20 жыл бұрын Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дарынды жастардың шетелде білім алуларына мүмкіндік беретін теңдессіз шешім қабылдаған болатын. Уақыт көрсеткендей, осы кезең аралығында «Болашақ» бағдарламасы түлектердің мансаптық табысты өсуі үшін нақты әлеуметтік жеделсатысы болды. Жалпы алғанда, бағдарлама шеңберінде 9250 стипендия тағайындалды. Қазіргі уақытта 2796 стипендиат әлемнің 33 еліндегі 200 үздік университетінде оқуда.