Шымкентте халықаралық «Қазақ Романсиадасы» байқауы мәресіне жетті

Осыған орай, бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов Мәскеу, Душанбе, Ташкент, Бішкек, Алматы қалаларынан келіп, байқауға төрелік еткен қазылар алқасын қабылдады. Еске салсақ, бұл шара осымен Шымкентте 15-ші рет өтіп отыр. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Бұрындары байқауға қатысушылар 20-дан аспайтын болса, бүгінгі күні оның қатары 70-ке дейін жеткен. Бұл - қазақ романсиадасының елдің оңтүстік өңірінде дамып, халықаралық өнерсүйер қауымға кеңінен танымал болып келе жатқанын көрсетсе керек. Облыс басшысы шеттен келген меймандардың арнайы келіп, аталмыш байқауға қазылық жасағандары үшін алғысын білдіріп: «алдағы уақыттарда да мәдени байланыстарды кеңейте түсуге әзірміз»,- деді.
Еске сала кетейік, халықаралық байқауға Қазақстаннан - 39, Қырғызстаннан - 6, Өзбекстаннан - 8, Тәжікстаннан - 1, Ресейден 1 үміткер қатысты. Бірінші және екінші орындарды Алматы мен Астананың байқауға қатысушылары еншіледі.