Шымкентте халықаралық талапқа сай алғашқы «Street Workout» спорттық алаңшасы ашылды
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Демеушілер есебінен алдағы уақытта Шымкентте дәл осындай 10 алаңша салынатын болады. Және оның екеуі халықаралық талапқа сай болмақ. Пайдалануға беріліп отырған бүгінгі осы бір алаңша халықаралық деңгейдегі түрлі бәсекелерді қабылдауға әзір», - дейді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов. Осыдан 10 жыл бұрын АҚШ елінде пайда болған «Street Workout» спорттық бағыты бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде қарқынды түрде дамып келеді. Бұл спорт түрімен бүгінде Шымкент қаласында 3000-ға жуық жастар айналысуда. Қала әкімі сондай-ақ, спортшылармен арнайы кездесіп, алдағы жоспарларымен танысты. Ғабидолла Әбдірахымовпен кездесуге келген спортшылар қатарында есімі көпшілікке танымал Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, боксшы Мұхтархан Ділдәбеков, көркем гимнасшы Әлия Юсупова, боксшы Біржан Жақыпов та болды.