Шымкентте мұздай қаруланған қылмыстық топ құрықталды
ОҚО ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова хабарлағандай, полицияға көпқабатты үйдегі пәтерді атыс қаруы бар жас жігіттер жалға алып, тұрып жатқаны туралы хабар келіп түсті.
«Тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау үшін олар қауіпсіз жерге жеткізіліп, үйдің маңын ОҚО ІІД қызметкерлері қоршауға алды. Үй ішіндегі күдіктілерге өз еркімен есікті ашу туралы ұсыныс жасалғанымен, олар бұдан бас тартты», - деп хабарлады С.Қаракөзова. ОҚО ІІД «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімше қызметкерлері пәтердің кірер есігін бұзып, күдіктінің төртеуін де құрықтады. Олардың үшеуі қылмыстық баптар бойынша бұрындары сотты болғандар. «Шымкент қаласының 27 жасар тұрғыны мен Балқаш қаласының 27 жасар тұрғыны «ұрлық» және «бұзақылық» баптары бойынша сотты болғандар. Төлеби ауданының 28 жасар тұрғыны 2003 жылы «қарақшылық» және «тонау» баптары бойынша сотталған»,- деп нақтылады С.Қаракөзова. Олардың арасында ОҚО Мақтаарал ауданының 27 жастағы тұрғыны ғана сотталмаған.
Полицейлер үй ішіне басып кіргенде, күдіктілер терезеден спорт сөмкесін лақтырып жіберген. Оның ішінен қару табылды. «Сөмке ішінде «Бекас-16м» винчестері, 16 - оқпанды қосауыз шолақ мылтық, 4 оғы бар травматикалық тапанша, сауытты күртеше, 16- оқпанды мылтықтың 3, 12- оқпандының 4, травматикалық қарудың 11 оғы табылды. Барлық қару оқталып, атуға дайындалып қойылған», - деді С.Қаракөзова.
Күдікті азаматтарға қатысты үш бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. «Тергеу барысында күдіктілердің 4 сәуір күні қорқыту арқылы жергілікті тұрғынның 200 000 теңгесін тартып алғаны да белгілі болды», - деп хабарлады баспасөз хатшысы. Олардың барлығы қамауға алынды, енді олардың басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.