Шымкентте сот мектеп ғимаратын бұзу туралы талапарызды қанағаттандырусыз қалдырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотында азамат К.-ның жауапкер «Шымкент қаласының білім басқармасы» ММ-іне, мүдделі тұлғалар «Шымкент қаласы әкімінің апппараты» ММ-іне, «Шымкент қаласының жер қатынастар бөлімі» ММ-іне және «ОҚО сәулет және құрылыс басқармасы» ММ-іне өзіне тиесілі жер теліміне заңсыз салынған оқу ғимаратын бұзу жөніндегі талапарызы қаралған.

Шымкентте сот мектеп ғимаратын бұзу туралы талапарызды қанағаттандырусыз қалдырды

К.-ның талапарызы негізді болғанымен, талапарыз қанағаттандырусыз қалдырылды, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінен. Себебі істі қарау барысында аталған оқу орнының жергілікті халық үшін салынғаны және оның мемлекеттік маңызы бар нысандардың қатарында екендігі анықталған. Сондай-ақ сот аталған оқу ордасының 500 оқушыға арналып салынғанымен, қазіргі таңда ол жерде 1960 оқушының білім алып жатқанын, олардың 200-і дайындық топтарының оқушылары екендігін ескерді. Сот талапкердің даулы жер телімінде орналасқан оқу орнын бұзудың үлкен шығын әкелуі себепті экономикалық тұрғыдан мемлекет үшін тиімсіздігін ескере отырып, аталмыш мектеп ғимаратын өз орнында қалдыру туралы ұйғарымға келді. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың бұл жер теліміне оқу ғимаратын салуды тиісінше заңдастырмағаны себепті, сот анықталған кемшіліктерді жою туралы Шымкент қалалық әкімдігіне қатысты жеке ұйғарым шығарды.