Шымкентте сотталған аэродром диспетчерінің әріптестері жұмысқа шығудан үрейленіп отыр
Бүгін «Қазаэронавигация» РМК шымкенттік филиалының қызметкеріне үкім шыққаннан кейін оның ондаған әріптестері сот шешіміне қарсылық білдірді.
«Жұмыстан кетпекшімін, жұмыс істеймін деп, түрмеден бір-ақ шығуым мүмкін. Диспетчердің кінәсінен ұшақтар ауада қақтығысуы неғайбыл, өйткені ұшақта қауіп жақындағанын экипажға хабарлайтын жүйе бар. Сондықтан жердегі диспетчердің кінәсінен ұшақ қақтығысуы мүмкін емес. Біз үнемі әуе кемелерін бөгейміз, өйткені ауа райы нашарлау мүмкін, бос жолақ болмай жатады. Мұнда қорқатындай ештеңе жоқ, ұшақ екінші айналымға шығады», - деді оның әріптесі Әнуар Байтілеу. «Экипаж қысымды өзі реттемеген, сосын ұшақ 400 метрге төмен кетті. Бұл экипаждың кінәсі. Әріптесім босқа күйіп кетті. Оның сағын сындырды, енді оны сотталған деп еш жер жұмысқа алмайтын болады», - деп күйінгенін жеткізді оның тағы да бір әріптесі Шухрат Ырысқұлов. Сот үкімі «Қазаэронавигация» РМК басшылығы үшін де күтпеген жағдай болды. «Үкіммен келіспейміз. Сотта Ақылбековтың кінәсін дәлелдейтін ешбір айғақ болған жоқ. Халықаралық авиациялық қоғамдастық та өз пікірін білдіріп жатыр - бізге Армения, Ресей, Беларусь, Қырғызстан диспетчерлерінен Қанаттың әрекеттерін қолдайын хаттар келді», - деді «Қазаэронавигация» РМК әуеқозғалысы қызметінің бастығы Михаил Лужин. Айта кетейік, Қанат Ақылбековке қатысты сот процесі 4 наурызда басталған болатын. Тағылған айып бойынша, диспетчер Қанаттың кінәсінен 2012 жылғы 25 желтоқсанда Шымкенттен 23 шақырымда ҚР ҰҚК шекара қызметінің ұшағы құлаған. Қылмыстық іс материалдары бойынша диспетчер ұшақты ұзақ уақыт бойы 2150 метр биіктікте ұстаған. Осыдан барып ұшақ мұзданып, жерге құлаған. Тараптардың пікірталасы кезінде сотталушы қатты мұздауға жол бермес үшін, сол биіктікте әдейі ұстағанын, ондай жағдай керісінше, 1000 метрге дейінгі биіктікте болатынын жеткізді. Сот талқылауы барысында сотталушының адвокаты Ардақ Балпықов тергеу уақытында заң бұзушылықтардың орын алғанын бірнеше рет айтқан. Мәселен, адвокаттың пікірінше, сот қосымша ұшуды жүргізбей әуе кемесін қалайша ұшыруға кім жол бергенін қарастырмаған. Себебі, ұшақ бір айдан астам уақыт Астана әуежайында тұрып қалған сондықтан жауапты қызметтер сынама ұшуды ұйымдастырулары қажет еді. Бұдан басқа, адвокат апатқа дейін 2 ай бұрын Украинада кемеге жөндеу жұмыстары жүргізілгендігінің неге назарға алынбағандығына наразылығын білдірді. Жөндеуден кейін ұшақтың бірқатар жүйелері жұмыс істемеген, оның біріне биіктік өлшеуішінің істен шығуы жатады. Екіншісі жерге қауіпті жақындап келе жатқандығы туралы хабарлауы тиіс жүйе болған. Бұдан басқа, сотта адвокат экипаждың рейске дайын болмағандығын айтты. Олар мұндай жағдайда ұшпауы қажет болатын және биікті өлшеуіштің жұмысын бақылайтын жүйені пайдалана алмаған. Еске сала кетейік, бүгін Шымкенттегі әуежай диспетчері Қанат Ақылбековке сот үкімі шғарылып, ол 6 жылға бас бостандығынан айырылды.