Шымкентте «Таза қала» акциясы аясында 1000-ға жуық құқықбұзушылық анықталды
Ішкі істер органдарының қызметкерлері 991 ұсақ құқықбұзушылықты анықтады. «Шараға 317 полиция қызметкері жұмылдырылды. Олар қаладағы тазалық пен тыныштықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысып жатыр. Қызметкерлердің бір бөлігі 17 қоғамдық орында міндетін атқарып жатыр», - деп атап өтті Нұрғали Исахов.
Акция аясында түнгі уақытта кәмелет жасқа толмағандардың көшеде жалғыз жүруін анықтау бойынша рейдтер өткізіліп жатқаны айтылды. Мұндай жасөспірімдердің ата-анасын полиция әкімшілік жауапкершілікке тартады.
ОҚО-да жарты жылда барлығы 128 430 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталып, 1 млрд. 113 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. ОҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының өкілі айтқандай, аталған мерзімде есірткі затын пайдалану бойынша 608 факт, тыныштықты бұзу бойынша 394 оқиға анықталған. Сонымен қатар, заңсыз сауда жүргізу бойынша 3 639 хаттама толтырылып, айыппұлдар салынды.