Шымкентте тұрақтандыру қоры жасақталуда

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Алдағы күндері күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін арнайы белгіленген сауда орындарынан сатып алуға болады. Картоп, пияз, құмшекер, күріш, макарон өнімдері мен күнбағыс майын арзан бағада алуға мүмкіндік бар, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
None
None

Бұл облыс әкімдігі жанындағы тұрақтандыру қоры есебінен жүзеге асады. Облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев басқарған комиссия тамыз айынан бері халық арасында аса маңызды азық түліктің қорын жасап, қоймаларды толықтырғандарын алға тартты.

«Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басшысының айтуынша, қоймалардағы өнімдердің арасынан 81 тонна пияз Тараздағы «Дихан» шаруа қожалығынан сатып алынған. Әр қаптың салмағы - 30 келі. Басқа камерада Қарағандыдан әкелінген картоп сақталып тұр. Оған қоса Түлкібастың да картобы бар.

Осылайша қыс пен көктем айларында сауда орындарында әлеуметтік бағада сатылатын өнімдердің қоры жасақталуда.Келісім негізінде жеткізілген көкөніс әлі іріктеліп, құрғатылады. Содан кейін арнайы камераларда сақталады.

Тұрақтандыру қорында көкөністен бөлек құмшекердің де жеткілікті қоры жасалған. Әзірге Алматыдан 2,5 тоннасы жеткізілген. Ал күріш Шардарадағы «Жұмабаев» жеке кәсіпкерінен сатып алыныпты. Камерада қазіргі таңда мың қаптан астам шекер жинаулы жатыр. Қызылорданың күрішіне де тапсырыс жасалды. Ал макарон өнімдері Түркістаннан жеткізіліпті. Мамандардың сөзіне сенсек, бидайдан да тапшылық болмайды. Себебі, 10 мың тонна дақыл сатып алынған.

Азық-түлік өнімдердің басым бөлігі теміржолмен тасымалданады. Ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру мақсатында жиналған өнімдер жақын күндері қаладағы белгіленген сауда орындарында әлеуметтік бағада сатылымға шығарылмақ.

Соңғы жаңалықтар