Шымкентте үш жыл іздеуде жүрген телефон лаңкесі қолға түсті
«ОҚО ІІД экстремизм, сепаратизм және лаңгестікке қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 2007 жылдың мамыр айында полицияға жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген 18 жастағы жасөспірімді құрықтады», - дейді баспасөз қызметтің қызметкері Ақмаржан Мырзахметова. Ол сондай-ақ «02» телефонына хабарласып, «ЦУМ» сауда үйінде бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат бергенін нақтылай түсті.
Қалыптасқандай, оқиға орнына полиция қызметкерлері, құтқарушылар, дәрігерлер барған. ««ЦУМ» сауда орталығын түгелдей тексерген соң ешқандай жарылғыш зат табылмады. Телефон шалған адамның жалған ақпарат бергендігі анықталып, полиция оны іздей бастады», - деп атап өтті А.Мырзахметова.
Үш жыл өткен соң полиция телефон шалған адамды тапты. Телефонмен жалған ақпарат берген кезде 15 жаста болған, қазір 18 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны жалған ақпарат арқылы қалжыңдағысы келгендігін айтқан. «Алайда бұл қалжыңдар үшін жауапкершілік артылады. Қылмыстық іс қозғалды», - деп түсіндірді баспасөз қызмет өкілдері. Ұсталған жасөспірім уақытша қамау изоляторына жабылды.