Шымкентте «Ырыс алды - ынтымақ» қоғамдық форумы өтті

АСТАНА. 6 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкент қаласындағы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда кезекті VIII «Ырыс алды - ынтымақ» қоғамдық форумы өтті. Басқосуға жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары, мәслихат хатшылары, қалалық, аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, дін және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ұлттық-мәдени орталықтардың төрағалары, облыстың зиялы қауымы, саяси партиялар барлығы 400-ден астам адам қатысты. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
None
None

«Жаңа қазақстандық патриотизм - еліміздің жарқын болашағының тірегі» тақырыбында өткен қоғамдық форумда облыс әкімі А.Мырзахметов баяндама жасады. Сонымен қатар, облыстық өзбек этномәдени орталығы ақсақалдар кеңесінің төрағасы К.Юсупалиев, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Ж.Мырқалықов, облыстық корей этномәдени орталығының төрағасы Ю.Югай және т.б. сөз сөйледі. Бұдан бөлек, «Ырыс алды - ынтымақ» қоғамдық форумы жұмысынан кейін Шымкент қаласында «Ардагерлер үйінің» ашылу рәсімі өтті.

Еске сала кетсек, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі жанындағы «Ырыс алды - ынтымақ» қоғамдық форумы - облыс жұртшылығының бірлігін нығайту, мемлекеттік ұлтаралық, дінаралық келісім жөніндегі саясатты жүзеге асыруға үлес қосатын жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғамның қарым-қатынасының тиімділігін арттыру мақсатында құрылған институт. Форум мүшелігіне мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, БАҚ және діни бірлестіктердің өкілдері кіреді. 2009 жылғы наурыздан бері ұйымдастырылып келе жатқан алқалы жиындарда ел бірлігі мен ынтымағы, ұлттық және дінаралық татулық, жас ұрпақ тәрбиесі мен жастар саясатын жүзеге асыру жайы, ақсақалдардың абырой-беделін биіктету және т.б. өзекті мәселелер кеңінен қозғалды.

Соңғы жаңалықтар