Шымкентте заңсыз құрылыс пен ауыр жүк көліктерінің қала аумағына кіруіне тосқауыл қою мәселелері қаралды
Мәжіліске облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет және қала құрылысы басқармаларының, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және лицензиялау департментінің, көліктік бақылау инспекциясының басшылары, Шымкент қаласы әкімінің тиісті сала жөніндегі орынбасарлары мен бөлім басшылары, облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары мен жол полициясы басқармасы бастығының міндетін атқарушы қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша хабарлама тыңдалған соң облыс әкімінің орынбасары Болатбек Нәжметдинұлы қала аумағында заңсыз тұрғызылып жатқан бірқатар нысандарды сын тезіне алып, олар бойынша шұғыл түрде шара қабылдануы тиіс екендігін жеткізді. Осы салаға жауап беретін әрбір мемлекеттік органның жауапты азаматтары мәселенің мәнін жете түсініп, заңнаманың тиісті талаптарына сәйкес орын алып отырған келеңсіздікті жою керектігін тапсырды. Ал қала аумағына ауыр жүк көліктерінің кіруіне тыйым салу керектігі үлкенді-кішілі жиындардың барлығында көтеріліп келе жатқандығына біршама уақыт болса да, мұндай көліктердің Шымкент көшелеріне кедергісіз еніп, асфальт жолдарды талқандауын жалғастырып жатқандығы да назардан тыс қалмады. Яғни, құзырлы органдар бұл мәселеде де үйлесімді жұмыс атқара алмай келеді. Б.Нәжметдинұлы облыс орталығының көркін ажарландыру бағытында ауқымды жобалар іске асырылып жатқандығын тілге тиек етіп, осыншама қыруар жұмысты жоққа шығармай, қаламыздың кескін-келбетін қорғауға әрбір жауапты қызметкер міндетті екенін жеткізді.