Шымкентте «Жасыл аймақ» бағдарламасы аясында көшеттер отырғызылды
Бүгін ағаш отырғызу шарасына облыс және қала әкімдіктерінің қызметкерлері, мәслихат депутаттары мен еңбек ардагерлері қатысты. Әкімшілік-іскерлік орталығының маңы мен қала көшелеріне арша, емен және қарағайдың 800-ге жуық көшеті отырғызылды. Жыл соңына дейін қала бойынша 31 мыңнан астам түрлі-түсті қылқанды, декоративті және жай жапырақты ағаш түрлері егіледі деп жоспарлануда. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы жасыл қалаға айналмақ. «Жасыл аймақ» бағдарламасы аясында көшет егу жұмыстары қаланың төрт бөлігінде жүргізілуде.
Олар 1700 га алқапты алып жатқан «Айкөл», 385 га «Ақтас», 300-ге жуық га «Бөржар» мен 100 га «Қайнарбұлақ» учаскелері. Бүгінде осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында құрылған «Жасыл аймақ» мекемесінің мамандары қаланың батыс бөлігіндегі 2500 гектар алқапқа ағаш көшетін егу жұмыстарын бастады. Жасыл белдеуге желтоқсан айына дейін 3 млн. түп қарағаш егіледі. Бұл жұмыстарға 23 техника мен 120 жұмысшы жұмылдырылған. Нәтижесінде Шымкент қаласындағы жасыл желек 5 мың гектар алқапқа ұлғайып отыр.