Шымкентте жер учаскелерін алуға өтініштер кезекпен қаралады - әкімдік

Қалалық әкімдікте айтқандай, Шымкентте жер учаскесін алу төңірегіндегі дүрбелең жасанды түрде туындап отыр. Бүгін таңертеңнен жер учаскесін алу мақсатымен адамдар қалалық әкімдіктің ғимаратының алдына жиналды.
«Біз өтініштерді әр жұмыс күні сағат 9.00-19.00 дейін қабылдап жатырмыз. Бүгін түске дейін 400 өтініш қабылдадық», - деді қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Сайлауов.
Ол қазір жер кезегінде барлығы 65 мың шымкенттік тұрғанын айтты. Олардың өтініштері кезекпен қаралады.
Еске сала кетейік, 10 сотық жер тарату жоспарланған өңірлердің арасында ОҚО бар екені хабарланды. Жер кодексіне сәйкес бұл учаскелерді тұрғын үй салу үшін ел азаматтары ала алады. Атап өту керек, жергілікті атқарушы органдар коммуникациялары бар жерлерден ғана жер учаскелерін таратады.