Шымкенттік оқушылар робот құрастырады - ВИДЕО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары робот құрастырады.
None
None

Бұл робототехника үйірмесіне 40-қа жуық оқушы қатысады. Аптасына 3 рет өтіледі. Оқушылар мұнда қозғалтқыштардың, дыбыс пен сенсорлық қабылдағыштардың түрлерінен хабардар болып, бағдарлама жазу негіздерін үйренеді.

Үйірменің ашылғанына бір жыл әлі толмаса да, оқушылардың алды республикалық сайыста жеңімпаздар қатарынан көрініп үлгерді.

Айталық, Астанада алғаш рет ұйымдастырылған Робототехника-2014 Республикалық олимпиадасында 200-ге тарта оқушының арасынан Асхат Құрал мен Төребек Құдірет суырылып алға шықты. Бірі II, бірі III орынды иеленді.

13 секциядан тұратын сайыста оқушылар «Сумо», «Сызықпен жүру» және «Ғарыш станциялары» секцияларынан өздері жасаған роботтарын жарысқа шығарған.

Үйірме жетекшісі Берік Мырзабаев: «Балалар бұл үйірмеге алғашында шетелдік кинолардан көрген түрлі робот кейіпкерлеріне қызығу арқылы келеді», - дейді.

Үйірмеде Lego роботтары негізінде үйретіледі. Lego роботтарының артықшылығы, халықаралық жарыстардың дені осы компания роботтарының қатысуымен өткізіледі. Робот жиынтықтар әр үш жылда жаңарып отырады екен. Соңғы нұсқасының бағасы - 80 мың теңге.

Алдағы уақытта осы робототехника саласын жалпы білім беретін мектептерге енгізу үшін жоба қолға алынбақшы. Бекітілсе Берік сияқты мамандар қарапайым мектептерге барып, информатика және физика пәні мұғалімдеріне робототехника негіздерін үйретеді, деп жазады toqtama.kz.

Соңғы жаңалықтар