Шымкенттік шабандоздар көкпардан ел чемпионатына дайындалуда
«Көкпардан жастар құрамасы Республикалық доданың жеңімпазы болуды көздейді. Сол себепті әр ауданнан епті шабандоздар жиналып, оқу-жаттығу жиынын бас қаланың орталық атшабарында өткізуде. Ғани Ахметбаев бастаған бір топ бапкерлердің үміті биыл да қоржынға алтын медаль салу болып отыр. Өткен жылы Павлодарда жалауын көтерген чемпионатта осы жастар жеңімпаз атанған болатын. Биыл команда құрамы біршама өзгерген. Дегенмен алға қойған жоспар сол күйінде, өзгеріссіз», - делінген баспасөз хабарламасында.
Еске салсақ, биыл ел чемпионаты Тараз қаласында өтеді. Көкпардан бөлек аударыспақ, теңге ілу және қыз қуу бойынша ептілер анықталатын болады. Сондықтан да оңтүстік қазақстандық шабандоздар облыс қоржынына кем дегенде үш алтын медаль салуды жоспарлап отыр.