Шымкенттік жастар науқас қызды қолдап, қайырымдылық кешін өткізді

24 жастағы бойжеткеннің бір жыл бұрын қос бүйрегі жарамсыз болып қалған. Оның еміне ата-анасының шамасы келмеді. Дертке шалдыққан жанның жағдайын естіген «Шымкенттің қайырымды жандары» еріктілер тобы бірлесіп көмектесуге кірісті.
Шарапаты мол шараға Шымкенттің белгілі өнер майталмандары қатысты. «Шымкент шоу» театры да қайырымдылықтан қалыс қалмай, кеште жаңа қойылымының тұсауын кесті. Сондай-ақ, көңілді тапқырлар клубының өкілдері де кештің төрінен табылды. Бұдан өзге кеште жарымжан, зағип жастар да өз өнерлерін ортаға салды. Ал кештің өтетіндігі жөніндегі хабар жұртшылыққа әлеуметтік желілер арқылы жарияланды. Билеттер 1000 теңгеден сатылыпты.
«Сол түскен ақшаны толықтай Жәмиланың есеп-шотына аударамыз. Концертке қазір халықаралық үлкен дәрежеде өнер көрсетіп жатқан жұлдыздар келіп қатысуда. Біз өнерпаздардың ешқайсысына бір тиын да төлеп жатқан жоқпыз. Олар игі шараға өз еріктерімен бір кісідей атсалысып жатыр»,-деді «Шымкенттің қайырымды жандары» еріктілер тобының жетекшісі Дархан Ноғайбаев.
Жиналған қаражат Жәмила Байсерікованың еміне жұмсалмақ. Мұндай бастамаға мүгедек қыздың ата-анасы да ризашылықтарын білдірді.