Шыңғырлау ауданында қазақ ұлт аспаптар оркестрінің тұсауы кесілді

Аудан әкімі Айболат Сейтақовтың шақыруымен келген алматылық белгілі өнерпаз, философия ғылымының кандидаты, 20 кітаптың, 150 ғылыми еңбектің авторы, қазақтың қасиетті қара домбырасының білгірі, насихатшысы Жұмагелді Нәжімеденов ауданда он күн болып, жас ұрпаққа домбыраны тез үйрену тәсілі - сандық жүйені қолдана отырып, толыққанды оркестр жасақтап берді. Құрамында саз мектебінің мұғалімдері мен өнерге құштар оқушылары бар 50 өнерпаз көрермендерге осы кеште тамаша көңіл-күй сыйлады. Жұмагелді ұйымдастырған бұл оркестрдің бір ерекшелігі сезімге сәуле жүгіртер халық аспаптарының көптігі еді. Аздаған уақыттың ішінде домбырамен күйлерді орындауда сандық жүйені оқушыларға тез меңгерткен зерттеуші ғалымның басқаруымен оркестр қазақтың «Адай», «Саранжап» сынды белгілі күйлерімен қатар Моцарттың шығармасын орындауы ертелі-кеш ерінбей еңбек етіп, шеберлігін ұдайы ұштап отырудың нәтижесі болса керек.
-«Қазақ нағыз қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра» деген Қадыр ағамыздың қанатты сөзі бар. Домбыраның тарихы әріде және біздің әрбір шаңырағымыздың төрінде тұруы тиіс қасиетті ұлттық аспабымыз. Ал домбыраны меңгерудегі мына сандық тәсілім домбыра тарту өнеріне мойын бұрған жастарға нотамен үйренудей емес, өте жеңіл болады,-дейді Жұмагелді.
Жұмагелдінің ағасы, қазақтың белгілі ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің домбырада да шебер ойнағаны белгілі.
Жұмагелді сондай-ақ мектептерде болып, мұғалімдер мен оқушылар алдында домбыраны тез меңгеру тәсілдері туралы дәрістер оқыды.Домбыраның жалпыхалықтық сипатқа ие болуы жолында талмай тер төгіп жүрген зерттеуші-ғалым Жұмагелді Нәжімеденов концерт соңында аудан әкіміне алғыс айтып, оркестрдің одан әрі жетілуіне тілегін білдірді.