Шыңғырлауда тұрғын үйлерді жаңғырту қолға алынатын болады - БҚО

Осыған сәйкес Шыңғырлау ауданы орталығында ауыл халқының игілігі үшін қос қабатты үйлер жаңғыртылмақ.
Аудан әкімі Алдияр Халеловтің 27 ақпан күнгі тұрғындармен есептік кездесуінде атап өткеніндей, Шыңғырлауда осындай 22 үй бар. Олардың дені бұдан отыз-қырық жыл бұрын салынғанымен, содан бері күрделі жөндеу көрген емес. Қазіргі кезде тұрғындармен түсінік жұмыстары жүргізіліп, 21 үйдің құжаттары әзірленді.
Кездесуде сондай-ақ «Ақ бұлақ» бағдарламасына сәйкес аудан орталығындағы үйлерге су қосу, әлеуметтік нысандарды, жолдарды жөндеу, елді мекендерді газдандыру, кәсіпкерлікке кең өріс ашу, басқа да өзекті мәселелер айтылды. Айталық, тұрғындар аудандық мұражай ғимаратын тұрғызу, аудан орталығын техникалық сумен қамту қажеттігін айтты.
Жиынға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өткен жылдың облыс үшін де, аудан үшін де қиын болғандығын атап өтті. Ендігі міндет - қол жеткенге тоқмейілсімей, одан әрі жалғастыру. Бұл ретте тұрғындар тарапынан да қолдау қажет. Мәселен, Шыңғырлау ауданында ауылдық жердегі тұрғын үйлерді жаңғырту пилоттық жоба есебінде жүзеге асырылмақ. Бәрін мемлекет мойнына арта бермей, бұған тұрғындар белсене араласуы керек. Сонымен қатар елді мекендерді абаттандыру, ағаш отырғызу істері қолға алынғаны абзал. Шағын және орта бизнесті одан әрі дамытпайынша, іс алға баспайды. Кейде кәсіпкерлер қажетті ақпаратты ала алмайды, заңдағы өзгерістермен уақтылы таныспайды, оларға қолдау-көмек жетпей жатады. Мал бордақылау алаңдарын, жылыжайларды жолға қойып, ауданның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет.
Облыс басшысы тұрғындар сауалдары мен ұсыныс-тілектерін де жауапсыз қалдырған жоқ. Белогор ауылдық округінде Шыңғырлау өзеніне көпір салу, Тасмола ауылында мәдениет үйі, Жаңакүште мектеп, жас мамандар үшін тұрғын үйлер құрылысы, Ащысай ауылдық округі тұрғындарын ауыз сумен қамту сөз болды. Облыс әкімі бұл мәселелердің бәрі зерттелгенін, тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді.