Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы қазақстандық экспортқа қолғабыс етеді

Бұл туралы ИЖТМ баспасөз қызметінен хабарланды.
Құжатқа жуырда Қытайдың Үрімші қаласында өткен «Импортты қолдау бойынша таныстырылым» атты көрме кезінде қол қойылған болатын. Ал осы көрме барысында ТМД елдерінің экспортшылары 120 қытайлық компанияға өз өнімдерін ұсынуға мүмкіндік алды. Аталмыш келісім бойынша, сатып алынатын өнімдердің басым бөлігін машина жасау, химиялық, фармацевтикалық және азық-түлік салаларындағы тауарлар құрамақ. Оларды Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы құрамына кіретін кәсіпорындарға, сондай-ақ, ҚХР-дың өзге де компанияларына жеткізу көзделуде.
Үрімшідегі көрмеде «Kaznex Invest»-тің Қытайдағы өкілдігі де қытай сатып алушыларын «Маслодел» ЖШС (май өнімдері) және «HILL Corp.» АҚ (мотор майлары) сынды отандық өндірушілермен таныстырды. Алғашқы өндірушінің өнімдеріне Қытайдың екі компаниясы қызығушылық танытып, сатып алу туралы келіссөздерді бастап та кетті.
Еске сала кетсек, «Kaznex Invest»-тің Қытайдағы өкілдігі 2011 жылы ашылған. Қазақстандық экспортшыларға сауда серіктестерін және сұраныстағы нарық бағыттарын табуға, Қытайда өтетін тендерлерге, көрмелерге және жәрмеңкелерге қатысуға, Қытай нарығына отандық тауарларды жеткізудің шекті жағдайларын жақсартуға көмектеседі. 2011 жылы қараша айында Өкілдік Үрімші қаласында қазақстандық өндірушілердің сауда-саттық миссиясын өткізіп, нәтижесінде компаниялар 18 млн. АҚШ долларына келісімшарттар жасаған болатын. Ал алдағы уақытта, атап айтқанда ағымдағы жылдың күзінде Үрімші қаласында кезекті сауда-саттық миссиясын өткізу көзделуде.