ШЫҰ арасындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы келісімнің ұлттық мүдделерді жүзеге асырудағы маңызы зор - ҰҚК орынбасары
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының отырысында «ШЫҰ мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы бойынша баяндаған Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Жігітеков осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Келісімнің дүниежүзілік тәжірибеде теңдессіз екендігін еске салсақ, сондай-ақ бұны ратификациялау жағдайында басқа мемлекеттер де қосылуының мүмкіндігін есепке алғанда заң жобасы халықаралық маңызы зор құжат болып табылатындығын атап өту керек. Қазіргі күнге дейін келісімді тек Ресей тарапы ғана заңды күшіне енгізді, Қытай мен Тәжікстан мемлекеттері ратификациялауды аяқтауға жақын», деді Н. Жігітеков.
Оның айтуынша, Қазақстанның сыртқы саясаты саласындағы ұлттық мүдделерді жүзеге асыру тұрғысынан алғанда да құжаттың маңызы зор болып отыр. Ал заңның қабылдануы Қазақстанға ШЫҰ шеңберінде белгілі бір құқықтық кеңістікте одан әрі ынтымақтастықты дамытуға, өңірлік және ұлттық қауіпсіздік негіздерін нығайтуға мүмкіндік береді.