ШЫҰ Хатшылығы Қырғызстандағы парламенттік сайлауға байқаушылар жібереді

Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде ШЫҰ-ның Қырғызстан бойынша ұлттық үйлестірушісі Төленді Мәкеев мәлім етті.
Айта кетейік, кешеден бері Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің отырысы өтіп жатыр.
Т. Мәкеевтің сөзіне қарағанда, Қырғызстан биылғы жылдың қазанында өтетін парламенттік сайлауға ШЫҰ Хатшылығына байқаушылар жіберуді сұрады. Ұйымның барлық қатысушылары байқаушыларды жіберуге әзір екендіктерін білдірген.
«Ұлттық үйлестірушілер отырысының күн тәртібінде ШЫҰ-ның 2010-2011 жылдарға арналған іс-әрекеттер жоспарын бекіту қарастырылған. Менің ойымша, Қырғызстандағы оқиғалардың салдары аясында біздің елге көмек көрсету аталған жоспарда елеулі орында болады. Онда осы тұрығыда бөлек бөлім қарастырылған»,-деді ол.
Осы орайда ол таяуда Қырғызстанның зардап шеккен аймақтарынан келген балалар Қазақстанның Жамбыл облысындағы сауықтыру демалыс орнында болғанын, сондай-ақ алдағы уақытта қырғызстандық жеткіншектердің тағы бір тобы елімізде демалуға келетінін айта келе, «осы көрсетіліп отырған сый-құрмет пен көмек үшін Қазақстанға үлкен алғысымызды білдіреміз»,- деді Төленді Мәкеев.
«Қырғызстанда Ош және Жалалабад облыстарын қайта қалпына келтіру бойынша бас дерекция құрылған болатын. Бұл бағытта іс-қимылдардың нақты жоспары бар. Атап айтқанда, ШЫҰ және басқа да ұйымдардың, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастар аясында ауқымды көмектер көрсетіледі. Қазіргі кезде бас дирекция қалпына келтірудің бас жоспарын даярлап жатыр. Шанхай ынтымақтастық ұйымы көп жақты дипломатия және екіжақты қарым-қатынастар аясында қаржылық, материалдық көмек көрсетуге атсалысатынына сенімдімін»,-деді Т. Мәкеев журналистер сауалына жауап беру кезінде.