ШЫҰ құру жаңа посткеңестік мемлекеттердің Қытаймен арадағы шекарасын айқындау мәселесін түбегейлі шешуге жәрдемдесті - Қ. Келімбетов

Қайрат Келімбетовтің айтуынша, Қытаймен арадағы шекара проблемасы тіпті сонау Кеңес Одағы кезеңінен бері шешімін таппай келген болатын. «Ал бүгінгі таңда біздің шекара бойындағы қауіпсіздік пен сенімділік периметрлеріміз, менің ойымша, экономикалық тұрғыдан да біздің мемлекеттеріміздің орнықты дамуын қамтамасыз етіп келеді», - деді Қайрат Келімбетов.
Сонымен бірге, вице-премьер Шанхай ынтымақтастық ұйымы арасында бірлескен экономикалық операциялар жоқ дегенге саятын пікірмен де келіспейтінін жеткізді. «Мұнай, газ, инфрақұрылым саласындағы жобаларымыз баршылық. Қытайды Қазақстан мен Ресей арқылы Еуропаға шығаратын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасының өзі неге тұрады? Ал бүгінгі күні ШЫҰ бірегей шот қалыптастыру және даму банкін құру туралы мәселені талқылап жатырмыз. Оның төркінінде біз қаржылық қолдау арқылы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік аламыз», - деді Қ. Келімбетов.