Сингапурден қос медальмен оралды
Осынау байрақты бәсекеге оңтүстiкқазақстандық 6 спортшы қатысып, бақ сынаған едi. Олардың арасында ауыр атлет Жазира Жаппарқұл алтыннан алқа тақса, таэквондошы Нұрсұлтан Мамаев күмiс жүлде иегерi атанды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алаштың айбынын асқақтатқандар жуырда елге оралды. Жас өрендердi Шымкент әуежайында облыс әкiмiнiң орынбасары Ә.Бектаев, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы П.Қырықбаев, спортшылардың ата-аналары, бауырлары мен жерлестерi, көпшiлiк қауым қарсы алды. Бiр айта кетерлiк жәйт, жеңiмпаздардың қуанышына ортақ болу үшiн көпшiлiк қатысқан мұндай шара Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты қарсы алудан кейiн екiншi рет ұйымдастырылып отыр. Қуанышты қарсы алуда танымал айтыскер ақын Ақмарал Леубаева жас қаһармандарға арнап жырдан шашу шашты.
Он жетi жасында төрткүл дүниеге елiмiздiң атын мәшһүр еткен Жазира Жаппарқұлдың Еуропа чемпионы, жасөспiрiмдер арасында әлем чемпионатының жүлдегерi ресейлiк Диана Ахметованы ұтуы үлкен оқиға болды. Ұлттық құраманың жаңа жұлдызы Жазира өзiнiң толқу сезiмiн жасыра алмай жаттықтырушыларына, қиын сәтте демеп-жебеген халқына, жанкүйерлерiне деген шексiз алғысын бiлдiрдi. Алдағы уақыттарда Лондон олимпиадасына тыңғылықты дайындалатындығын айтты.
Ел мерейiн биiкке көтерген спортшыларды қарсы алу салтанатында қос саңлақтың жаттықтырушылары Рашид Төлегенов пен Бауыржан Аманқұловтың есiмдерi де үлкен құрметпен аталды.