Сингапурдың Халық қимылы партиясының өкілі Қазақстанның адам капиталын дамытуға инвестиция салуын жоғары бағалады

АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат - Сингапурде Қазақстан Республикасының Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев билеуші Халық қимылы партиясы Орталық атқару комитетінің төрағасы - Премьер-Министр кеңсесінің министрі Лим Бун Хенгпен кездесті.
None
None

Елші сұхбаттасушысын екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйімен және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында алға қойылған қазақстандық қоғамның басымдықтарымен таныстырды.

Сингапурдың даму тәжірибесі туралы айта келіп, Лим Қазақстанның адам капиталын дамытуға инвестиция салуын жоғары бағалады. Оның пікірінше, бұл орайда Сингапурда білім алып жатқан қазақстандық жастар санының өсуі, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясат ұлттық мектебі мен Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебі арасындағы өзара байланыстардың ойдағыдай дамуы айқын дәлел бола алады.

Ли Бун Хенг сауда-инвестициялық салада ынтымақтастықты одан әрі өрістете түсуге әлеует жеткілікті екендігін айта келіп, Халық қимылы партиясы мен «Нұр Отан» ХДП арасындағы байланыстарды нығайтуға жәрдемдесуге әзір екенін білдірді.

Сингапурдың Халық қимылы партиясы 1965 жылы ел тәуелсіздік алған сәттен бері ішкі саяси аренада бірден-бір басым күшке ие болып отыр.

Соңғы жаңалықтар