Сіздердің күнделікті өмірлеріңізге қамқорлық жасау - біздің парызымыз - ҚР Президенті

АТЫ. 9 мамыр. ҚазАқпарат /Айгүл Тұрысбекова/ - Ұлы Отан соғысының майдандарында біздің жерлестеріміз нағыз батырлық көрсетті.
None
None

Мәселен, 558 қазақстандық Кеңес Одағы Батырының Алтын Жұлдызымен марапатталған, олардың жүзден астамы - қазақтар. Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Алматыда 28 батыр-панфиловшының Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі мен Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды бір сәт үнсіздікпен еске алу кезінде айтты.

Мемлекет басшысының айтуынша, аса қантөгісті әрі қатігез соғыс аяқталғаннан кейін майдангерлер елдің бұзылған шаруашылығын қалпына келтіруге зор үлес қосты.

«Кейінгі ұрпаққа мұра болып келе жатқан Сіздердің еңбекқорлығыңыз, қайсарлығыңыз, төзімділігіңіз, бауырластығыңыз біз үшін баға жетпес қазына болып табылады. Жыл өткен сайын қатарларыңыз сиреп бара жатыр, сондықтан Сіздердің күнделікті өмірлеріңізге қамқорлық жасау - біздің парызымыз», - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстан нағыз өнеркәсіптік тыл болып, оның зауыттары мен фабрикаларында жеңістің тағаланғанын еске сала кетті. Одан ауыл шаруашылығы да қалыспады.

«Біздің республика осы жылдары түрлі ұлт өкілдерін бауырына басты. Тағаттылық, ұлтаралық келісім сабақтарын біздер сіздерден үйрендік. Халықтың бірлігі - біздің еліміздің ең үлкен байлығы», - деп атап өтті Н.Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар