СҚО әкімі полицейлерге су жаңа 13 автокөліктің кілтін табыс етті

ПЕТРОПАВЛ. 15 сәуір. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ - Петропавл қаласының «Достық» алаңында облыс әкімі Серік Біләлов, СҚО ІІД-нің басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері және қоғам өкілдерінің қатысуымен полицияның кешенді күштерінің саптық байқауы өтті.
None
None

Салтанатты жиында облыс басшысы Серік Біләлов тәртіп сақшыларына жалпы көлемі 32 миллион 114 мың теңге сомасын құрайтын 13 су жаңа темір тұлпардың кілтін табыс етті. Жол полициясы автотұрағын 10 «Дэу нексия», 2 «Ниссан» және бір «Тойота» көліктері толықтыратын болды. Барлық патрульдік автокөліктер сигналдық-дыбысзорайтқыш құралдарымен және радиостанциялармен жабдықталған.

Облыстық ІІД бастығы полиция полковнигі Мұрат Ұрымханов Серік Біләловке алғысын білдіріп, облыс басшылығының көмегі арқасында полицейлердің толықтай жаңа заман талаптарына сай техникамен, автокөліктермен қамтамасыз етілгендігін, барлық қызметтердің жұмысына жақсы жағдай жасалғандығын тілге тиек етті. СҚО ІІД-нің бастығы полиция қызметкерлерінің азаматтардың құқығы мен мүлкін қылмыскерлерден қорғауға, облысымыздағы жедел жағдайды тұрақты ұстап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бар күшін салатындығына сенімін білдірді.

Жалпы 2011 жылы облыстық әкімдік ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасының нығайтылуына 342 миллион теңге бөлді, соның арқасында көлік құралдарын, арнайы техника, формалық жабдық алу жоспарда бар. Ішкі істер министірлігі мен облыс басшылығы ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын күшейтуге және полиция қызметкерлерінің материалдық жағдайын көтеруге үлкен көңіл бөліп отыр.

Облыс әкімі Серік Біләлов полицейлерге жаңа автокөліктерді тапсыра отырып, облыста тәртіпті сақтауда атқаратын жұмыстарына үлкен сенім білдіретінін айтып, қылмыспен күрес жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.

Соңғы жаңалықтар